Атырауда тергеушілердің бірлескен форумы өтті
Атырау облысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыруға арналған тергеушілердің бірлескен форумы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасы – әділ сот төрелігінің негізі" тақырыбындағы іс-шараны Атырау облысының полиция департаменті, облыстық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Экономикалық тергеу департаменті бірлесіп ұйымдастырды.
Форумның негізгі мақсаты – сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында заңдылық талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді жан-жақты әрі сапалы жинақтау, сондай-ақ тергеу жұмысының тиімділігін арттыру.

Жиында қылмыстық істерді тергеп-тексеру кезінде кездесетін өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар прокурорлық қадағалау мен тергеу органдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру, тергеу сапасын арттыру және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, әрбір қылмыстық істі объективті, жан-жақты әрі сапалы тергеп-тексерудің маңызын атап өтті. Жиында қабылданған шешімдердің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету – әділ сот төрелігінің маңызды алғышарты екені айтылды.
Іс-шара соңында тергеу қызметінің дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби міндеттерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар сала қызметкеріне Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевтың атынан алғыс хаттар табысталды.
