Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атыраулық полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілерін этно-саябаққа апарды

Атырау қаласы полиция басқармасының жеке құрамы 1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай, “Шаңырақ” балалар үйінің тәрбиеленушілерін “Нұрлы тал” ұлттық этно-саябаққа апарып, мерекелік іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ондағы мақсат – балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, балаларды кішіпейілділікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу арқылы ұлттық құндылықтарды бойына қалыптастыру. Мерекелік шара барысында түрлі ойын-сауық ұйымдастырылып, балалар өздерін жан-жақты көрсетті. Олар ән шырқап, жеребе атумен, атқа мінумен, домбырамен күй тартты.

Сонымен қатар балаларға ұлттық тамақ дайындалып, тарихымыз тереңнен баяндалды. Шара соңында тәртіп сақшылары балаларды мерекемен құттықтап, ерекше көзге түскен жеңімпаздар Атырау қаласы полиция басқармасы бастығының атымен алғыс хатпен марапатталды.

– Бала – өмірдің шуағы, шаңырақтың шаттығы, көңілдің қуанышы. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” дегендей, балақайлар полиция қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті қорғаушысы болумен қатар, қайырымды, қамқоршы ретінде де танығаны абзал. Ендеше барлық балаларды келе жатқан мерекелерімен құттықтаймыз. Болашақ ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүруіне және елін, жерін қорғайтын азамат болып өсуіне тілектеспіз, – дейді тәртіп сақшылары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру