Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір тоннадан астам балықты заңсыз тасымалдаған ШҚО тұрғыны ұсталды

Бір тоннадан астам балықты заңсыз тасымалдаған ШҚО тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпан айының ортасында патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Өскемен қаласы Тоғас-Аязбаев көшелерінің қиылысында Тарбағатай ауданының 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы автокөлікті тоқтатқан. Жүргізушінің көлігін тексеру барысында тиісті құжаттары жоқ бірнеше қап әртүрлі балық анықталған. Оның айтуынша, балықты Жарма ауданынан алып келе жатқан.

Қаптарда 905 келі көксерке, салмағы 30 келі шортан, 29 келі сазан, 119 келі табан және торта балығы – 30 келі балық түрлері бар екені анықталды. Балықтың жалпы салмағы 1 113 келіні құрады.

– Қаскөйге қатысты келу міндеттемесі түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру