Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келген әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеруге тиіс

Қызылордалық полицейлердің арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген орыс ұлтының өкілі Виталий Соболев қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Виталий Алексеевич қазақ тілін толық меңгерген, өз елінің патриоты. Ол Қазақстанда тұрып жатқан кез-келген азамат ұлтына қарамай,  мемлекеттік тілді білуге міндетті деп есептейді. Виталий Украинада дүниеге келіп, бала кезінде Қазақстанға көшіп келген.

Қазақ тілін үйренуге ден қойып, сөйлесе жүріп, өзінің сөздік қорын бірте-бірте көбейткен. Онымен қоймай, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен де етене танысуға құмартқан.

– Көптеген замандастарым қазақ тілін үйренуді қиынсынады. Оларға айтарым, қазақша үйренудің ешқандай қиындығы жоқ, тек ынта-ықылас болса жеткілікті. Қазір біз өзге ұлт өкілдерінің қазақша сөйлегеніне емес, керісінше, сөйлемегеніне таң қалуымыз керек. Тілді үйренетін уақыт жетті. Болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келген әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеруге тиіс, – дейді Виталий.

Виталий Алексеевич құқық қорғау саласында 12 жылдан бері абыройлы қызмет етіп келеді. Ол еңбек жолын полиция батальонының жүргізушісінен бастаған, қазіргі таңда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы.

Қызметтік міндеттерін атқару барысында антына адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауға зор үлес қосып келе жатқан қазақ тілді полицейдің жеткен жетістіктері де аз емес. Облыс, қала әкімдіктерінен, департамент, басқарма басшылығынан алған марапаттары мен жеткен жетістіктері еңбегінің жемісін айқындайды.

Виталий белсенді салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Спорттан өзге, ақпараттық технолияларды жетік меңгерген Виталий жан-жақты.

Ұлты орыс болса да, рухы мен жаны қазақ оның еңбегін әріптестері жоғары бағалайды. Әсіресе, оқушылармен қарым-қатынаста тек полицей емес, кейде психолог, кейде тіпті жастардың досы сынды тіл табысады. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл қызметтің міндеттерін де адал атқарып жүрген батыл қызметкерлердің жетістіктері көпке үлгі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру