Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Дана шешімі үшін Президентке алғыс айтамын”: Алматыдағы арнайы ХҚКО-да Армениядан келген көлікке алғашқы тіркеу нөмірін берді

Қазақстан тарихында бірінші болып Армениядан әкелінген көлігін ресми тіркеген автокөлікші, 47 жастағы алматылық Хосров Гасанов болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Мен “Hyundai grand starex” автокөлігін Армения Республикасынан 2019 жылдың қараша айында алып келдім. Содан бері оның біздің елде болуын қалай заңдастыру туралы ойланбаған күн болған жоқ: толқулар, алаңдаушылық, тыныш айдай да алмадым. Мемлекетке рахмет, бізге мүмкіндік берді. Бүгін мен келдім, 15 минуттан кейін менің көлігімді тіркеп берді. Мемлекеттік баж – 11 мың 946 теңге төледім. Енді мен заңды түрде тыныш жүре аламын. Мемлекетімізге тағы да рахмет, – деді Хосров Гасанов.


Үкіметіміздің қаулысы (“Қазақстанға әкелудің және Қазақстан азаматтарының Арменияда тіркелген жеке көлік құралдарын пайдаланудың кейбір мәселелері туралы”), тұрғындарға Армениядан әкелінген автокөліктерді 2020 жылдың 1 ақпанына дейін тіркеуге мүмкіндік берді.

– Үкімет біздің азаматтарымыз 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армениядан әкелген автокөліктерді тіркеуге шешім қабылдады. Екіншіден, осы жылдың 1 маусымы мен 1 қыркүйегі аралығында тіркеу жүргізу туралы. Үшіншіден, тек сол жақтағы басқару элементтері бар автокөліктер тіркеуге жатады. Төртіншіден, үш төлеммен шектеу туралы шешім қабылданды: тіркеу жарнасы – 695 теңге, тіркеу куәлігі үшін төлем – 3 мың 473 теңге және МТНБ үшін алым – 7 мың 778 теңге. Төлемдердің жалпы сомасы 11 мың 946 теңгені құрайды. Қазақстан Республикасына 2020 жылдың 1 ақпанынан кейін әкелінген көлік құралдарын тіркеуге рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттарында меншік иесі ретінде көрсетілмеген адамдарға тіркеу жүргізілмейді, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік Полиция басқармасының басшысы полиция полковнигі Жандос Мұратәлиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру