Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Департаменттің Кадр жұмысы қызметкерлері жұмысқа тұрудағы өзгерістер туралы айтты

Павлодар облысында Полиция департаментінің кадр жұмысы қызметкерлері жұмысқа тұрудағы өзгерістер туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2019 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының “Құқық қорғау қызметі туралы” Заңына өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес құқық қорғау органдарына қызметке орналасу бастапқы кәсіптік даярлықтан өткен адамдарды қоспағанда, конкурстық негізде жүзеге асырылады. Заңға енгізілген өзгерістер полиция департаменттерінің бастықтарына да алғашқы арнайы атақтар беру құқығын берді.

Павлодар облысы Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасы аталған нормативтік құқықтық актілерді зерделеу бойынша семинар-кеңес өткізуді ұйымдастырды. Оған облыстың қалалық және аудандық ішкі істер органдарының кадр саясаты жөніндегі бастықтарының орынбасарлары, сондай-ақ осы бөлімшелердің кадр аппараттарының қызметкерлері қатысты.

Департаменттің Кадр саясаты басқармасының қызмет өткеру бөлімінің бастығы Лаура Байбек ішкі істер органдарына түсетін адамдар үшін бастапқы кәсіптік даярлыққа іріктеу қағидалары және оны өту шарттары бойынша түсініктемелер берді.

Осылай, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін нормаларға сәйкес, қызметке үміткерлер Қазақстан Республикасы ІІМ білім беру ұйымдарында қабылдау комиссиясынан өтуі, атап айтқанда, дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыруы және әңгімелесуден өтуі тиіс. Іріктеу нәтижелері бойынша кандидат ІІМ білім беру ұйымының тыңдаушысы болып қабылданады және сол уақыттан бастап тағылымдамадан өтуші болып тағайындалады. Бастапқы кәсіптік даярлықтан өту мерзімі 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап сынақ мерзімі ретінде есептеледі. Оқуды аяқтағаннан кейін тағылымдамадан өтушілер сынақ мерзімінсіз лауазымға тағайындалады және бірден арнаулы атақ беруге ұсынылады. Қызметке қабылдау кезінде кандидаттардың бастапқы кәсіби даярлығы аяқталғаннан кейін ішкі істер органдарында кемінде үш жыл қызмет ету міндеті де жаңа болды. Ішкі істер органдарынан босатылған жағдайда көрсетілген мерзім өткенге дейін олар оқуға жұмсалған қаражаттың орнын толтыратын болады.

Ішкі істер органдарына алғашқы кәсіби даярлықтан өтпей конкурстық негізде қызметке қабылдау тәртібі кадр бөлімшелері қызметкерлерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Мұндай қағидалар 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап аға басшы құрам лауазымдарына түсушілер үшін айқындалған. Бұл санат үшін барлық конкурстық рәсімдер, атап айтқанда дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыру, конкурстық комиссияда әңгімелесуден өту, тағылымдамадан және сынақ мерзімінен өту құқық қорғау органында өткізілетін болады. Тағылымдамадан өту нәтижелері бойынша оң қорытындысы болған жағдайда кандидаттар үш айға дейінгі сынақ мерзімімен лауазымға тағайындалады, ал сынақ мерзімінен табысты өткен адамдар бірінші арнаулы атақ беруге ұсынылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Заң талаптары мен көрсетілген бұйрықтарды қолдану толығырақ регламенттелетін нұсқаулық әзірлеуде.

Облыс тұрғындарына Ішкі істер органдарына қызметке қабылдаудың жаңа тәртібін түсіндіру мақсатында Павлодар облысы Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасы кадр бөлімшелері мамандарының теледидарда сөз сөйлеуін ұйымдастырды, қызметке кірудің жаңа қағидалары туралы ақпарат департаменттің сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылды және осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру