Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорда полицейлері жүргізушілерге жолда мұқият болуды ескертеді

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері жүргізушілерге жолда мұқият болуды ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада бір тәулік ішінде 125 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде 3 факті бойынша зардап шегушілер бар. Таңғы сағат 07.00-ден бастап 35 жол-көлік оқиғасы орын алды.

2 қараша сағат 20.00-де 36 жастағы Shacman маркалы автокөлігінің жүргізушісі Тәуелсіздік даңғылымен Қалдаяқов көшесіне қарай келе жатып, көктайғақтың салдарынан көлік тізгініне ие бола алмай, бетон-арматуралық құрылғыға соқтығысты. Жол-көлік оқиғасында жүргізуші зардап шеккен жоқ.

Ауа-райының қолайсыздығына және көктайғақтың орын алуына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жүргізушілерге қозғалыс кезінде барынша мұқият әрі сақ болуды, жылдамдық режимін, қауіпсіз ара қашықтықты, маневр жасау және бүйірлік интервал қағидасын бұлжытпай сақтауды ескертеді.

Дымқыл асфальт – жүргізушілер үшін ең қауіпті. Жолдың төсеніші тайғанақ, оның үстіне түнгі қатқақтар басталды. Мұндай жағдайлар көлік құралдарының тежеу жолының ұлғаюына әкеп соқтырады. Жолдарда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында елордалық полиция қызметкерлері автокөлік құралдарының иелеріне көліктерінің жазғы шиналарын қысқы шиналарға ауыстыруды ұсынады.

Жаяу жүргіншілерге де барынша мұқият болуды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру