Келесте банкомат экранын сындырған күдікті анықталды
Келесте банкомат экранын сындырған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ-ның 102 кезекші бөліміне Абай ауылы көшелерінің бірінде орналасқан банкоматтың бейнеэкранын белгісіз біреу түнгі уақытта сындырып кеткені жөнінде арыз келіп түсті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тіркеуге алынып, полицейлер бірден іске кірісті.
Қоғамдық орында бұзақылық жасаған күдіктіні ұстау мақсатында тәртіп сақшылары жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Бейнебақылау камераларын қарап, сол күні түнде келген күдікті адамдар мен көліктердің тізімі алынды. Екі тәулік қатарынан үздіксіз іздестіру жұмыстары жасалды. 10 шақты көліктің иелері тексеріліп, соның ішінен осы теріс әрекетті жасаған күдікті анықталды. Полицейлер оны өз үйінен ұстап, Келес АПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті түнгі уақытта банкоматтан ақша шешуге келіп, аппарат банкомат карточкасын қабылдамағаннан кейін, ашуға ерік беріп банкоматтың экранын сындырған. Содан кейін оқиға орнынан бой тасалап кеткен.