Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстауда ІІМ және “Динамо” спорт қоғамының Х ведомствоаралық спартакиадасы қорытындыланды

Маңғыстауда ІІМ және “Динамо” спорт қоғамының Х ведомствоаралық спартакиадасы қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

20-21 қазан күндері аралығында Маңғыстау облысы Ақтау қаласында ҚР құқық қорғау, арнайы және күш-құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері арасында ішкі істер министрлігінің және “Динамо” ДШСҚ ОК Х ведомствоаралық самбо күресінен спартакиада өткізілді.

Облыстық ПД бастығы Аян Дуйсембаев алғысөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыста 31 команда, 217 спортшы бақ сынасты. Оның ішінде 5 әлем чемпионы, 9 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бір ҚР еңбек сіңірген, сондай-ақ 53 спорт шебері бар. Айта кетейік, облыстың бас полицейі – дзюдодан КСРО және қазақ күресінен Қазақ КСР спорт шебері.

Департаменттер арасындағы жарыс қорытындысы бойынша өңіріміздің намысын қорғаған Маңғыстау облысы полиция департаментінің құрама командасы жүлделі 1-орынды қанжығаларына байлады. Екінші орынға Астана қаласы командасы жайғасса, Алматы қаласынан келген спортшылар тобы 3-орынды еншіледі.

“Динамо” қоғамының ведомствоаралық спартакиадасының нәтижелеріне сәйкес, ІІМ командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын “Динамо” спорт қоғамына бұйырса, 3-орынды ҚР Ұлттық ұлан командасы иеленді.

– Баршаңызды дүбірлі доданың сәтті аяқталуымен құттықтай отыра, жеңісті күндерде кездесуді тілеймін. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы, барлық қатысушылар сайысты аман-есен қорытындылап, отбасыларына оралмақ, – деп атап өтті Аян Дуйсембаев.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар, диплом және кубоктармен, сондай-ақ сый-сыяпаттармен марапатталды. Төрешілер мен сайысты ұйымдастырушылардың жұмыстары да ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру