Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас жүргізушінің көлік басқаруға құқығы жоқ екені анықталды

Алматы облысында тапа-тал түсте көлік тізгіндеп ұсталған мас жүргізушінің көлік басқаруға құқығы жоқ екені анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есік қаласының көшесінде жүрісі күмән тудырған көлікті тоқтатқан жол сақшылары жүргізушінің масаң күйде екенін анықтаған. Талапқа сай жүргізілген медициналық куәландыру оның орта дәрежеде мас екенін дәлелдеді.

– Сағат 11-30 шамасында “Toyota” маркалы көлігінің жүргізушісі 25 жастағы тұрғынның мас екені, сонымен қатар ол 2017 жылы ішімдік ішіп, жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін бес жылға жүргізуші құқығынан айырылғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Іс бойынша басқа ақпарат заңнама талабына сәйкес жариялануға жатпайды,- деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының бастығы Талғат Сейілханов.

Полиция өкілінің ақпаратына сәйкес, бұған дейінгі теріс қылығынан оң қорытынды шығармаған жігіт аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес былтыр қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізіліп, масаң күйде көлік тізгініне отырған жүргізушілер қатаң жазаланады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру