Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Мен өзімді қауіпсіз сезінемін”: Нигерия азаматы Павлодар облысындағы туристік полиция туралы

2019 жылғы 12 қарашадан бастап Павлодар облысында туристік полиция жұмыс істейді. Бүгінгі күні штат саны 20 қызметкер, атап айтқанда Баянауыл ауданының полиция бөлімінде – 15 және бесеуі Павлодар қаласында, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олардың мақсаты – Қазақстанның халықаралық имиджі мен туристік қызығушылығын арттыру.

– Департаменттің құрылымында туристік полиция Павлодар қаласы Полиция басқармасының және Баянауыл ауданы полиция бөлімінің базасында құрылған. Бұл ерекше полиция қызметкерлері, олар кәсіби шеберлігінен басқа, бірнеше шет тілдерін, атап айтқанда ағылшын, неміс, қытай және т.б. тілдерін меңгерген. Жаңа бөлініс қатарына іріктеу кезінде ағылшын тілін білуге, моральдық және іскерлік қасиеттерге, тіл тапқыштыққа, сыртқы келбетке баса назар аударылды. Сонымен қатар туристік полиция қызметкерлері тарихты, шет тілдерін игеруі, халықпен сауатты және сыпайы диалог жүргізе білуі тиіс, – деп хабарлады Павлодар облысы Баянауыл ауданының полиция бөлімінің бастығы Мұрат Мұсатаев.

Полиция департаментінің мәліметінше, туристік полицияның негізгі қызметі-шетелдіктер көп келетін туристік нысандарда шетел азаматтарымен жұмыс істеу болып табылады. Олар қоғамдық тәртіпті қадағалап және туристік объектілерде болатын шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда туристік полиция қызметкерлері аймақтың көрнекті орындары ірі нысандарда қызмет етеді. Облыс орталығында – бұл Орталық жағалау болса, ал Баянауыл ауданында – бұл ұлттық саябақ.

– Мен бала кезімнен полицияда қызмет етуді армандадым. Мектепте ағылшын тілін оқыдым, ал университетте оны тереңдете оқыдым. Шет тілдерін еркін меңгеремін. Полицияға, әсіресе туристік полицияға жұмысқа қабылдау жүріп жатқанын естіп, оны үлкен қуанышпен қабылдадым. Мұнда қызмет ету өте қызықты. Баянауыл ауданы туристік аймақ болғандықтан, демалушылар көп, жақын және алыс шетелдердің де азаматтары бар. Қазір демалыс маусымы болғандықтан, демалушылар көп. Әріптестерімізбен алдын алу сипатындағы әңгімелесулер өткізіп, барлық мәселелер бойынша көмектесеміз және азаматтарға кеңес береміз. Туристік полиция аймақтың туристік обьектілерінде болған кезде басқа елдер азаматтарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ туристерге қатысты оқиғаларды жедел тергеуге көмектесу, туристік нысанда тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін құрылған, – деді туристерге қызмет көрсету жөніндегі инспектор Каленов Икрам.

– Мен “Торайғыров университеті” КЕАҚ студентімін, өзім Нигериядан боламын. Павлодар қаласында магистратурада екінші жыл оқимын. Өткен жылы пандемия болғандықтан мен көбінесе үйде болдым. Ал биыл Қазақстан мен  Павлодар облысының көрнекті жерлерін біраз аралап, таныспақ болдым. Кеше Жасыбай көліне, бүгін Торайғыр көліне келдім. Бұл жерлер  өте әдемі және жайлы. Бұл жерде ағылшын тілін жетік меңгерген полиция қызметкерлерінің болғаны мен үшін өте қуанышты. Мен оларға көші-қон мәселелері бойынша кеңес алу үшін келіп, осы жерді білмегендіктен, олардың көмегіне жүгіндім, – деді Нигерия азаматы Салако Абраам.

Полиция қызметкері Икрам Торайғыр көлі мен жері, Баянауылдың тарихы туралы айтып берді. Абраам жас қызметкердің өз жерінің тарихын жақсы білетініне және ағылшын тілін жетік білетініне таң қалды.

– Аймақтың тарихымен таныстырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін.  Жігіттермен бірге тауларға, қасиетті жерлерге саяхат жасадық. Өз қызметі туралы айтып, қызметтік автокөліктерін, туристік полиция бекетін көрсетті,- дейді Абраам.

Сонымен қатар Қазақстанның демалыс аймақтарында туристік полиция құру – бұл шетелдіктер үшін үлкен көмек. Осында бір өзім ғана  келсем де,   жалғыздықты сезінбедім, өйткені қасымда полицейлер болды. Мен өзімді қауіпсіз сезінемін!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру