Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мұз ойылып, суға батқан әйелді құтқарған полицейлер мен батылдық танытқан азамат марапатталды

Атырауда мұз ойылып, суға батқан әйелді құтқарған полицейлер мен батылдық танытқан азамат марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмысты ашу, яғни қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. Тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі үнемі қауырт, қашанда қарбаласқа толы. ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың бұйырығымен қызмет барысында ерлік көрсеткен полиция бөлімінің қызметкерлері – тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан, патрульдік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Артур Каримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев және учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев пен көмек қолын созған азамат Әди Бектеміровке “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі табысталды. Сондай-ақ Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев марапаттау сәтінде полиция қызметкерлерінің жетістіктерін ерекше атап өтті.

Айта кетсек, 25 желтоқсан күні сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданы Шарон өзені үстінде белгісіз әйел адам мұз ойылып, суға түсіп кеткені жөнінде аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне хабар берген.

Аудандық полиция бөлімінен саптық жиыннан тарап келе жатқан полиция қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетуге бағыттама алған. Мұз үстіне шыққан кезде көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткенін көрген. Сол сәтте көмекке келіп, суға кеткен әйел адам мен оны құтқаруға оқталып, өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды құтқарып қалған. Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы одан әрі үлкейген. Алайда адам өміріне араша болар сәтте аязды күнде мұзды суға қарамастан оқыс оқиғаға куә болып, бейжай қарамаған азамат пен полиция қызметкерлері 1959 жылы туған әйел адамды жағаға шығарған еді. Адам өміріне араша түсуде тайсалмаған қызметкерлер мен 27 жастағы азаматтың ерлігі көпшілікті тәнті етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру