«Ойнауға кетіп, оралмады»: Қызылордада жоғалған 6 жастағы бала аман-есен табылды
Қызылордада ойнауға шығып, жоғалып кеткен алты жастағы бала аман-есен табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйекте облыс орталығының 48 жастағы тұрғыны Қызылорда қалалық ПБ кезекші бөліміне жоғалып кеткен алты жастағы ұлын табуға көмек сұрап келді. Оның айтуынша, сол күні сағат 17.30-да үйден аулаға ойнауға шығып, қайтып оралмаған.
Оқиға орнына шұғыл түрде ювеналды полиция қызметкерлері келіп, дереу іздестіру іс-шараларына кірісті.
Жедел іздестіру тобы баланың туыстарымен бірге барлық жерлерді аралап шықты. Туыстарының және таныстарының үйлерін, көшелерді, көп қабатты үйлердің жер төлелерін, қараусыз қалған үйлерді тексерді.
Ювеналды полиция инспекторы Серік Қалиевтың жүргізген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде кешкі сағат 21.00-де бала көрші пәтерден танысының үйінен табылды.
Дені сау ата -анасына аман-есен тапсырылды. Ата-аналар полицей Серік Қалиевке адал еңбегі үшін алғысын білдіріп, оның қиын қызметін атап өтті. Полицейлер ата-анасымен және кәмелетке толмаған баламен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.