"Оңай ақшаға алданбаңыздар": сотталған әйел басынан өткен оқиғасын баяндады
Қызылордадағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеп жатқан 50 жастағы әйел қаржы пирамидасына қатысқаны үшін сотталғанына өкініш білдірді. Оның айтуынша, бәрі TikTok арқылы табыс табу туралы ұсынысқа сенуден басталған. Бүгінде ол өз қателігін мойындап, жұртшылықты оңай ақша табуға уәде беретін күмәнді жобалардан сақ болуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде абайсызда қылмыс жасаған азаматтар жазасын өтеп жатыр. Мұнда 200-ден астам сотталғанның қатарында әйелдер де бар. Солардың бірі – 50 жастағы әйел. Ол сот үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша қаржы (инвестициялық) пирамидасын ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Бүгінде ол жасаған ісіне қатты өкінетінін айтады.
Оның айтуынша, барлығы TikTok әлеуметтік желісі арқылы жұмыс іздеуден басталған.
- Үйде бос отырған соң телефон қарайсың. Құр отырғанша жұмыс істеп, ақша тапсам деген ой болды. Үйде отырып-ақ табыс табуға болады деген ұсынысқа қызығып, келісім бердім. Бірақ бұл әрекетімнің соңы осындай жағдайға әкеледі деп ойламадым.
Алдымен өзім тіркелдім, кейін TikTok арқылы басқа адамдарды да тіркелуге шақырып, жарнамаладым. Оларға салған қаражаттарының пайыз арқылы көбейетінін түсіндірдім. Маған да күн сайын ақша төленіп тұрды. Ашкөздік болды ма, әлде жеңіл табысқа қызықтым ба, бұл іске бір жылға жуық уақыт араластым. Көп табыс таппасам да, тұрақты түрде ақша алып отырдым, – дейді сотталған әйел.
Ол үшін ең ауыр соққының бірі – жазасын өтеп жүрген кезде жолдасынан айырылуы болған.
- Жолдасым қайтыс болды. Оны ақтық сапарға шығарып салуға да қатыса алмадым. Бұл – мен үшін орны толмас өкініш. Балаларыммен және немерелеріммен телефон арқылы сөйлескен сайын көзіме жас келеді. Болған жағдайдың бәрі үшін өзімді кінәлаймын, – дейді ол.
Сөз соңында әйел жастар мен көпшілікке үндеу жасап, оңай табыс табуға уәде беретін күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
- Өскелең ұрпаққа айтарым – әртүрлі сілтемелерге өтіп, оңай ақша табасың деген уәделерге алданбаңыздар. Мен өз қателігімнің салдарынан жеті жылға сотталдым. Менің басымнан өткен жағдай ешкімнің тағдырында қайталанбасын, – деп түйіндеді ол.
Тәрбие бөлімінің жасақ бастығы Айғара Сұлтанның айтуынша, мекемеде сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге бағытталған тәрбиелік жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.
- Мекемеде сотталғандармен күн сайын тәрбиелік және құқықтық түсіндіру жұмыстары өткізіледі. Бұл жұмыстар олардың жасаған қателігін түсініп, одан сабақ алуына және болашақта заң бұзушылыққа жол бермеуіне ықпал етеді, – деді Айғара Сұлтан.
