Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Пәтерге сапалы жөндеу жүргіземіз”: семейлік тұрғын алаяққа ұрынып қалды

Семейлік тұрғын алаяққа ұрынып, 350 мың теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ағымдағы жылдың 24 маусымында Семей қалалық ПБ Затон полиция бөліміне 48 жастағы әйел белгісіз адамның алаяқтық жолмен ірі көлемде ақшасын иемденіп кеткені туралы арызданады.

– Жәбірленушінің айтуы бойынша, осы жылдың маусым айының ортасына қарай пәтеріне жөндеу жұмыстарын жасамақ ниетте әлеуметтік желіде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған “пәтерге сапалы жөндеу жүргіземіз” деген жарнамалардың бірімен хабарласқан. Уәдені үйіп-төккен алаяқтың арбауына ілінген ол күдіктіге 350 000 теңге ақшасын санап берген. Не ақша жоқ, не пәтерге жасалған жөндеу жоқ, салы суға кеткен жәбірленуші полицияға арызданды, – дейді Семей қалалық ПБ бастығы Шалқар Құнанбаев.

Осы арыз бойынша полицияның учаскелік инспекторлары жүргізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікпен 27 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Жәбірленушінің ақшасын ол өзінің қажетіне жұмсап үлгерген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру