Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысы ҚАЖД қызметкерлері көпбалалы отбасыға көмектесті

Павлодар облысында колония қызметкерлері көпбалалы, толық емес отбасының балаларына арналған үйірмелерді жаңа жылға дейін төлеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көпбалалы ана Альфия бес баланы өзі тәрбиелеп отыр. Күйеуі төрт жыл бұрын қайтыс болған. Үлкен ұлы 18 жаста, ол Ресей Федерациясында фармацевт мамандығында оқиды, екінші ұлы – мектеп оқушысы, акробатикамен айналысады, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қызы фортепианода ойнайды, музыкалық жарыстарға қатысады. Ол мектеп бағдарламасынан басқа ағылшын тілін оқиды, әлемді көруді және анасын саяхатқа шығаруды армандайды. Кіші қызы бес жаста, қыркүйектен бастап мектепке дайындық курстарына барады.

– Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында, сондай-ақ жаңа оқу жылының алдында біз ұжыммен бірге осы тамаша отбасыға көмектесуді шештік. Олардың үйіне кірген кезде отбасының тату екенін, мейірімділік пен ынтымақтастық атмосферасы орнағанын байқауға болады. Барлық балалар тәрбиелі, дарынды. Біз осы балаларды ынталандырып, олардың сүйікті үйірмелерін осы жылдың соңына дейін төлеуді шештік. Балалар – біздің еліміздің болашағы. Олардың балалық шағы бақытты болсын! – дейді АП-162/4 мекемесінің бастығы Ербол Шәріпов.

Колония қызметкерлері Альфияның екі қызына ағылшын тілі курстары мен мектепке дейінгі дайындықты қаңтар айына дейін төледі.

– Мен қолымнан келгеннің бәрін істеймін, стоматологияда, дүкенде қосымша жұмыс жасаймын және уақытым болған кезде пәтерлерді тазалаймын. Мен кез келген жұмыстан қорықпаймын, дөңгелектегі тиін тәрізді айналамын. Әрине, қамқор адамдар бізге көмектеседі. Барлық жерде біз толық емес және көпбалалы отбасы ретінде жеңілдік аламыз. Ал бүгін бізге ағылшын тілі мен мектепке дейінгі курстарға ақы төленді. Мен ҚАЖ қызметкерлеріне олардың бауырмалдығы мен қамқорлығы үшін шын жүректен ризамын. Жақсылық сіздерге жүз есе мөлшерде оралсын, – дейді Альфия.

Колония қызметкерлері балаларға келіп отыруға уәде берді, ал балалар жақсы оқуға және анасын қуантуға уәде берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру