Павлодар облысында көші-қон полициясы профилактикалық жұмысты жалғастыруда
Павлодар облысында көші-қон полициясы профилактикалық жұмысты күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының көші-қон қызметі көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Өңірде шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібі мен көші-қон саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталған арнайы тексерулер мен рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
- Жыл басынан бері 1866 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 571-і — шетел азаматтары, ал 1295-і — Қазақстан Республикасының азаматтары, - дейді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.
Сондай-ақ 421 шетелдік азаматтың елде болу ережелерін бұзғаны анықталды. Ал шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 36 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасында жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрып жатқан 939 азамат анықталған.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 256 іс сотқа жолданды. Оның ішінде 44 шетел азаматын елден шығару туралы шешім қабылданып, олардың барлығы ел аумағынан шығарылды.
Сонымен қатар алимент төлемеген 65 азамат пен түрлі қарызы бар 10 борышкер анықталды.
Осы кезеңде 260 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаса, 200 адам Қазақстан азаматтығынан айырылу бойынша тіркеуге алынған.
- Көші-қон қызметінің жұмысы тек заң бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Негізгі мақсат — өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайту, заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — деп атап өтті Қанат Сартов.
Қазіргі уақытта көші-қон полициясы көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық шараларды жалғастырып жатыр.
