Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ТЖ режимі алынды

Павлодар облысында төтенше жағдай режимі алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында 5 қаңтар сағат 00.00-ден 13 қаңтар сағат 07.00-ге дейінгі кезеңде төтенше жағдай режимі енгізілді. Сонымен қатар, өңірдегі жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында болды. Облыста коменданттық сағат 23.00-ден 07.00-ге дейін енгізілді. Барлық қабылданған шаралар қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеуге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Өңірдің периметрі бойынша блокпосттар қойылып, облысқа кіру және шығу шектелді.

Құқық қорғау органдарының кәсіби және жедел іс-қимылдарының арқасында ең белсенді құқық бұзушылар қамауға алынып, барлық бейнежазбалар зерттелді. Әрқайсысына қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде іс қозғалды.

– Дегенмен шектеу шараларына қарамастан, бұзушылықтар орын алды. Қазақстан Республикасының бейбіт митингілер ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін 909 азамат ұсталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы 8-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалған сегіз шетелдік ұсталып, Қазақстан Республикасынан шығарылды. Сот қаулысымен 345 адам 15 тәулікке дейін қамауға алынды, қамауға алынғандар Павлодар қаласының арнайы мекемелеріне қамалды. 288 бұзушыға әрқайсысына 30 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды,- деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

Полиция коменданттық сағатты бұзғаны үшін 811 азамат пен 349 көлікті ұстады. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жолданып, автокөліктер айып тұрағына қойылды.

Блок-бекеттер арқылы 25 046 автокөлік, оның ішінде 44 974 адам өткізілді.

645 автокөлік пен 1 402 азаматтың жүріп-тұруына рұқсаты болмағандықтан, блок-бекеттен кіргізілмеді және шығарылмады.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері жалдамалы 903 пәтерді тексеріп, пәтер жалдаушылар мен жылжымайтын мүлік иелері туралы толық ақпарат алды.

Төтенше жағдай кезінде Павлодар өңірінде 102 операторының пультіне түскен қоңыраулар саны да бірнеше есеге артты. Жағдайға немқұрайлы қарамаған азаматтар коменданттық сағатты бұзу фактілері, мінез-құлқы мен әңгімелері күдікті болып көрінген адамдар туралы, қаруы бар және т. б. көршілері мен таныстары, туралы хабарлап, бейтаныс көліктерді тексеруді сұрады.

– 2022 жылғы 5 қаңтар мен 13 қаңтар аралығында Павлодар қаласының Жедел басқару орталығына шамамен 6 527 шақырту келіп түсті, әрбір шақырту мен хабарлама полиция қызметкерлерінің пысықтауынан өтті, – деп хабарлады Нұрлан Мәсімов.

Сонымен қатар, төтенше жағдай режимі мен шектеу шараларының алынуына қарамастан, облыстық Полиция департаменті азаматтардан қырағы болуды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзбауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру