Павлодарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 700-ден астам тұрғын атсалысуда
Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға полициямен қатар, белсенді азаматтар да үлес қосып келеді. Бүгінде өңірде құқық қорғау бағытында жұмыс істейтін қоғамдық құрылымдардың 703 өкілі полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтық жауапкершілігі жоғары тұрғындар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмысқа қарсы күреске тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
– Азаматтық жауапкершілігі жоғары тұрғындар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қылмысқа қарсы күресте полицияға елеулі көмек көрсетуде. Көпжылдық тәжірибе қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтардың алдын алу міндеттерін халықпен тығыз ынтымақтастықта ғана тиімді жүзеге асыруға болатынын көрсетіп отыр, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Малик Оңғарбаев.
Жылдың алғашқы алты айында полицияның қоғамдық көмекшілерінің қатысуымен әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 123 адам анықталып, ұсталды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге полицияның қоғамдық көмекшілері ғана емес, еріктілер мен ақсақалдар да өз үлесін қосуда. Қазіргі таңда құқық бұзушылықтардың алдын алуға, іздестіру іс-шараларына жәрдемдесуге, қылмыстарды ашуға және азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге 428 ерікті мен 35 ақсақал белсенді түрде қатысып келеді.
– Азаматтардың белсенді ұстанымы, қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауы және полициямен бірлескен жұмысы өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Малик Оңғарбаев.
Қоғамдық тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Полиция мен азаматтар арасындағы өзара сенім мен серіктестік қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың маңызды кепілі болып қала береді.
