Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері мектептерге барып интернет-алаяқтардың айлалары туралы айтты

Петропавл полицейлері мектептерге барып интернет-алаяқтардың айлалары туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтық – ең көп таралған қылмыс түрі. Мұның алдын алу үшін полицейлер халық арасында профилактикалық жұмысты жалғастырып жатыр. Петропавл қаласы ПБ екінші бөлімінің қызметкерлері № 44 орта мектепте өткен ата-аналар жиналысына қатысты. Олар желілік алаяқтардың негізгі схемалары – “банктен қоңырау шалу” әдісі, интернет арқылы тауарларды сату кезінде алдын ала төлеуді талап ету және басқа да айла-әрекеттері туралы айтты. Тәртіп сақшылары өз әңгімелерін бейнероликтер көрсетумен және жадынамалар таратумен сүйемелдеді.

– Қазіргі уақытта балалар да, ата-аналар да қолдарында телефон ұстап отырады. Интернет арқылы келіп түскен ақпаратқа дұрыс ден қоймай, алданып жатады. Полиция қызметкерлерінің келіп, осындай қауіп туралы ескертуі өте маңызды болды, – деді мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Ольга Осокина.

Екінші ПБ бастығының орынбасары Данияр Ғалиақпаровтың айтуынша, бұл биылғы жылы білім беру ұйымдарымен бірлесіп жоспарлаған бірінші кездесу.

– Осы айда бөлім аумағында 6 интернет-алаяқтық тіркелді. Екеуі “банктерден қоңырау шалумен”, екеуі “ақшаны еселеу” тәсілдерімен байланысты болды. Адамдарға криптовалютаға ақша салу, валюта бағамдарының айырмашылығын бақылап отырып ақша тігу арқылы жоғары пайда табу ұсынылды. Нәтижесінде адамдардың “инвестициялары” алаяқтардың қалтасына түсті. Тағы екі жағдайда қала тұрғындары автокөлікті сату туралы жалған хабарландыруға сеніп алдын ала төлем аударған. Қала тұрғындарын сақ болуға шақырамыз. “Банктерден шалынатын қоңырауларға” сенбеңіздер, сатушының әрекеті мен сөздеріне сенімді болмасаңыз, алдын ала төлемді жіберуге келіспеңіз, құпия деректеріңізді ешқашан ешкімге бермеңіздер, – дейді ол.

Өткен жылы СҚО-да 781 интернет-алаяқтық тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру