Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция капитаны Самат Мамаев: «Тәулік талғамай жұмыс істеуге әзірміз»

Түркістан облысы Полиция департаменті қоғамдық тыныштықты сақтап, құқықбұзушылықтың алдын алуда еңбегімен дараланған сақшылардың бірі – Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылының тумасы Самат Мамаев туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Самат Бақтиярұлы жергілікті жерде білім алған соң, Шымкент қаласындағы Фемида колледжінде, кейіннен Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де заңгер мамандығын меңгерді.

Еңбек жолында Шымкент қаласы, Еңбекші АПБ, облыстық Полиция департаментінде абыройлы еңбек етті. 2018 жылдан бері туған жері Қазығұрт ауданында қоғамдық тыныштықты күзетіп келеді.

– Полиция қызметкері болу мәртебелі мамандық. Бала күнімізде форма киіп, шен таққан ағаларымызға еліктеп өстік. Кейін өмір ағысы бізді осы жолмен тоғыстырды. Қазіргі кезде бала күнімде армандаған мамандықтың иесі атанып, еңбек етіп жатқанымды мақтан тұтамын, – дейді Самат Бақтиярұлы.

Аудандағы жергілікті полиция қызметіне қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ету тапсырылған. Жол-көлік оқиғаларын алдын алу, учаскелік полиция инспекторларының қызметін қадағалау, нөлдік төзімділік қағидатының сақталуына назар аудару, кәмелетке толмағандармен жұмыс және өзге де заң бұзушылықтардың алдын алу жатады. Жүктелген жұмысты абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшылары әрдайым елдің алғысын алып келеді.

– Жергілікті полиция – көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты оңалту арқылы халыққа жақын бола түсті.
Қазір сауда үйлерінде, тұрмыстық объектілерде, үй кіре берістерінде, жалпы халық көп шоғырланатын аумақтарда учаскелік инспектордың фотосы мен оның телефон нөмірі ілініп тұр. Тұрғындардың алдында есеп беру жиналысына дейін екі күн қалғанда учаскелік инспектор үйлерді арнайы аралап, жұртшылықты хабарландырып шығады. Осындай жұмыстар мектептерде де ұйымдастырылып, онда полиция инспекторлары туралы мәліметтер ілінді. Учаскелік полиция инспекторлары халықтың алдында есеп беруде, – дейді полиция капитаны.

Самат Бақтиярұлының басшылық жасап отырған бөлімде жеке құрамында біліктілігін арттыру ісі жақсы жолға қойылған. Ардагер полицейлерді жиі-жиі шақырып, семинарлар өтіп отырады. Одан бөлек тәртіп сақшылары спорт залда тәжірибелерін шыңдайды. Бұл жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Жылдағы көрсеткіштермен салыстырсақ өңірдегі құқықбұзушылық пен заңбұзушылықтар төмендегенін байқаймыз. Еңбектерін жоғары бағалаған жергілікті әкімдік, мәслихат аппараты тәртіп сақшыларын арнайы алғыс хаттар мен грамоталармен марапаттаған. Әрине бұл жолда жергілікті полиция қызметі жұмысының жанданып жатқанын көруге болады.
Полиция қызметінің жұмысында бос уақыт аз болғандықтан Самат Мамаев жұмыстан көбінесе кеш қайтатын күндері көп.

Ал ертерек үйге барған күндері ұлдары Арнұрмен, Нұралимен асыр салып ойнайды. Төрт жастан енді асқан Айжан да әкесін әрқашан күтіп отырады.

– Қоғамның тыныштығын күзету – басты міндетім. Осы жолда тәулік талғамай жұмыс істеуге әзірмін, – дейді Самат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру