Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Полиция қызметкері мотиватор болуы қажет”

Төле би АПБ қызметкері Бекзат Сиқымбаев бүгінге дейін қырағылығымен көзге түскен полицей, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің жұмысы – жауапты, ауыр да мәртебелі. Көтерер жүгі жеңіл емес кәсіп иелері спортпен шұғылданған, білімді де білікті болуы керек. Өз өмірінен өзгенің өмірін жоғары қоя білуі қажет. Сондықтан болар, бұл мамандықты кез келген жас таңдай бермесі анық.

Төле би АПБ қызметкері Бекзат Сиқымбаев бүгінге дейін қырағылығымен көзге түскен полицей. Жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаратын ол, достарына сыйлы, әріптестерінің ортасында абыройлы.

Бекзат Аязбекұлы Төлеби АПБ уақытша ұстау абақтысында қызмет атқарады. Шені – аға сержант.
1985 жылы 13 қазанда Өзбекстанның Бостандық ауданында дүниеге келген. 2004 жылы Қазақстанға қоныс аударған соң, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Кейіннен Төлеби АПБ қызметке орналасты.

– Өмір болған соң барлығы болады. Небір қылмыскерлер келеді. Әртүрлі әңгімелер айтады. Қылмыскер болған соң, барлығы полицияны жек көреді. Қоғамды кінәлайды. Біз оларға мотивация береміз. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өмірге деген көзқарасын өзгертуге тырысамыз, – дейді ол.

Тергеу абақтысына түскен қылмыскерлердің кейбірі бірінші тәуліктерде үрейленіп, психологиялық ауытқуларға түседі.

– Бірде уақытша ұстау абақтысына жұқпалы жаман аурумен науқастанатын адам түсті. Түкірігін шашып, қолын кеспек болып, түрлі әрекеттерге барды. Бізге жұқтырмақ ниетте түрлі айлаларды қолданды. Сабырға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Сондықтан әрбір полиция қызметкері көп ізденіп, заманауи білімді меңгеруі керек деп білемін. Себебі, өмірден түңілген жандармен сөйлесіп, өмірге деген құлшынысын арттыру қажет. Алдағы күнге деген үміт отын жағып, мотивация беруі керек, – дейді ол.

Бекзат – өнерлі жігіт. Домбыра шертіп, ән айтатыны бар. Жұбайымен қыздары да өнерден кенде емес. Сондықтан бұл отбасыны көпшілік өнер дарыған отбасы деп біледі. Бұл жолда көптеген марапаттарға ие болып, байқаулардан жүлделі орындарды иеленген. Атап айтар болсақ, аудан аралық “Өнерлі отбасы” байқауынан бас жүлдені жеңіп алған. Сондай-ақ, облыстық, республикалық “Парасатты полицей” байқауының жеңімпазы атанған.

Сиқымбаевтар әкімдік тарапынан ұйымдастырылған іс-шараларға да белсенді қатысып отырады. Қоғамдық жұмыстарды атқаруды азаматтық борыш деп санайды. Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды. Бекзаттың да өзіндік асқақ арманы бар. Ең бастысы зейнет жасына дейін қоғам үшін игі істерге ұйытқы болсам дейді. Сондай-ақ, өсіріп отырған үш қызының қызықшылығын көріп, мерейлі отбасы атануды мақсат етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру