Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда адал қызметтің символына айналған Берта құрметті демалысқа шығарылды

Қарағанды облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында көп жылдық адал қызметімен ерекшеленген Берта атты қызметтік ит құрметті демалысқа шығарылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

8 жылдан астам уақыт бойы Берта кинолог Темірлан Ұлдыбековпен бірге иық тіресе қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде ол жай ғана қызметтік ит емес, нағыз жауынгер серікке, үнсіз түсінетін сенімді әріптеске және шынайы досқа айналды.

Оның негізгі міндеті — жарылғыш заттарды анықтау болды. Бұл — жоғары қырағылықты, темірдей төзімділікті және ерекше сезімталдықты талап ететін жауапты жұмыс. Берта бұл міндетті абыроймен атқарып, талай қауіпті жағдайдың алдын алуға үлесін қосты.

ВИДЕО

Қызмет жолында ол ондаған жедел іс-шараларға қатысып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты. Сондай-ақ түрлі жарыстарда бөлімшенің мерейін асырып, кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін көрсете білді.

Бертаны шығарып салу сәті ерекше толқынысқа толы болды. Орталық қызметкерлері оның адалдығы мен жанқиярлығын тебірене еске алып, жылы лебіздерін білдірді.

Бұл күн әсіресе оның серігі Темірлан Ұлдыбеков үшін айрықша мәнге ие болды.

— Берта — менің өмірімнің бір бөлшегі. Біз бірге талай сынақтан өттік, талай сәтті бастан кештік. Ол енді тыныш та бақытты өмір сүруге әбден лайық. Қазір сенімді қолда, мен оған міндетті түрде барып тұрамын, — деді кинолог тебіреніспен.

Енді Бертаның өмірінде жаңа белес басталады — дабылсыз, алаңсыз тыныш өмір. Алда оны мейірім мен қамқорлыққа толы күндер мен лайықты демалыс күтіп тұр.

Қызметін абыроймен аяқтаған Берта басқа кинологтың қарауына берілді. Ол оған барынша күтім жасап, жылы ұя мен жайлы өмір сыйлайды.

Кинологиялық қызмет орталығының мамандары атап өткендей, Берта секілді қызметтік иттер — күн сайын қауіптің алдын алып, адам өмірін қорғауға үлес қосатын үнсіз қаһармандар.

Сенімді серікті құрметті демалысқа шығарып салған әріптестері оның мінсіз қызметіне, адалдығына және кәсібилігіне шынайы алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру