Қостанайда жас полицейлер елге қызмет етуге серт берді
Қостанайда 15 жас полицей елге қызмет етуге серт берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы полиция департаментінің алаңында жас тәртіп сақшылары үшін маңызды әрі салтанатты шара өтті. Гарнизондық сап түзеу барысында 15 жаңа қызметкер құқық қорғау саласына ресми түрде қабылданып, Отанға адал қызмет етуге ант берді. Олардың қатарында бес нәзік жан бар.
Салтанатты жиынға департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, 66/97 әскери бөлімнің сарбаздары мен жеке құрам қатысты. Мемлекеттік Тудың көтерілуі мен Әнұранның орындалуы рәсімге айрықша мән берді. Жаңа қызметкерлер қару ұстап, салтанатты түрде ант мәтінін оқыды.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Мендібаев жас мамандарды құттықтап, бұл күннің олардың кәсіби өміріндегі маңызын атап өтті:
– Бүгін сіздер ел мен халықтың алдында қасиетті ант қабылдадыңыздар. Бұл — үлкен жауапкершілік пен сенім. Полиция қызметі – абыройлы да күрделі міндет. Әрқайсыңыздан тәртіп, әділдік, төзімділік пен адалдық талап етіледі, – деді ол.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапабек Күлбеков те жастарға ізгі тілегін білдіріп, олардың әрбір әрекеті бүкіл полиция беделінің көрінісі екенін еске салды.
Салтанатты рәсімнің ерекше тұсы – құқық қорғау жолын таңдаған арулардың қатысуы. Жаңа қызметкерлердің бірі Аделина Есіргепова бұл күннің өз өміріндегі маңызын атап өтті:
– Бұл – мен үшін ерекше әрі толқытатын сәт. Ел тыныштығы жолында еңбек ету – зор мәртебе. Ант – бұл менің азаматтық парызым, – деді ол.
Рәсім соңында қатысушылар сап түзеп, алаңда жүріп өтті. Бұл олардың кәсіби тәртіп пен даярлық деңгейін көрсетті.