Қостанайда жастарға киберқылмыстың қаупі түсіндірілді
Қостанай қаласында ауыл шаруашылығы колледжінің студенттерімен дропперлік және киберқылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында "Желіде оңай табыс табу — қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін" деген негізгі ой кеңінен түсіндірілді. Қазіргі таңда алаяқтар жастарға "жеңіл жұмыс" ұсынып, оларды түрлі айламен өз қақпанына т.үсіріп, шын мәнінде қылмыстық әрекеттерге тартуда.
Кездесу аясында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Тамерлан Ерденов банктік деректерді бөгде адамдарға беру немесе олардың атына есепшот рәсімдеу заңға қайшы екенін атап өтті. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сондай-ақ студенттерге нақты мысалдар келтіріліп, алаяқтықтың жаңа тәсілдері жан-жақты түсіндірілді. Жастарға сақ болу, күмәнді ұсыныстарға сенбеу және оңай табысқа қызығып, тәуекелге бармау қажеттігі ескертілді.
Мамандардың айтуынша, цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау — әр азаматтың жеке жауапкершілігі.
