Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары тағайындалды

14 шілдеде Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары лауазымына Бауыржан Әбжанов тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов генералды жоғары тағайындалуымен құттықтап, жеке құрамға таныстырды.

– Бауыржан Садықұлы көп жылдан бері құқықтық тәртіп әскерінде қызмет етіп келе жатқандықтан көпшілігіңізді жақсы біледі. Дегенмен жауынгерлік жолдасымыз туралы қысқаша айтып берейін. Оның басшылық және қарамағындағылар арасында беделі жоғары. Курсанттан және лейтенанттан генерал-майорға дейін, взвод командирінен өңірлік қолбасшылықтың басшылық лауазымына дейін қызмет жолынан өтті. Соңғы жылдардағы лауазымы – Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұлан академиясының бастығы қызметін де абыроймен атқарды. Өңірлердегі және орталықтағы барлық әскери қызметшілер бұл кісіні кәсіби сардар, білікті басшы және нағыз офицер ретінде таниды. Жаңа орында Бауыржан Садықұлы мұны тағы да дәлелдеп, мемлекет пен құқық тәртібі әскерлеріне адал қызмет етеріне сенімдімін, – деді ол.

Өз кезегінде Бауыржан Әбжанов ІІМ басшылығына және Ұлттық ұлан бас қолбасшылығына жоғары сенім артқаны үшін жылы лебізін білдірді. Содан кейін өзіне деген сенімді ақтау үшін бар күшін салып, еңбекқорлық танытатынына сендірді.

Бауыржан Әбжанов 1968 жылы 10 сәуірде Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. 1990 жылы КСРО ІІМ Новосібір жоғары әскери командалық училищесін бітірді. 1998 жылы М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны, ал 2013 жылы Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының академиясын тәмамдаған.

1990 жылдан 2012 жылға дейін взвод командирінен ҚР ІІМ Ішкі әскерлер құрама командиріне дейін әр түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Ұлттық ұлан “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, инспекторлық-талдау басқармасының бастығы – Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Әскери кеңесінің хатшысы болды. 2018 жылдан бері ҚР Ұлттық ұланы академиясын басқарды.

1988 жылдың маусымынан тамызына дейін, 1988 жылдың қарашасынан 1989 жылдың қаңтарына дейін және 1989 жылдың маусымы мен шілдесіне дейін Закавказье республикаларындағы ұлтаралық қақтығысты реттеуге қатысты.

ҚР Президентінің 2011 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен оған “генерал-майор” әскери атағы берілді.

ІІМ еңбегі сіңген қызметкер, КСРО және Қазақстан Республикасының 27 медальдарымен марапатталған, PhD философия докторы, Қазақстан Әскери ғылымдар Академиясының профессоры.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру