Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресу қажет”: министр Ұлытау полициясына нақты тапсырмалар берді

Ішкі істер министрінің кезекті жұмыс сапары жаңадан құрылған Ұлытау облысында өтті. Мемлекет басшысының халықты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етіп, атқарушы органдардың азаматтар алдындағы жауаптылығын күшейтуді көздейтін қаулысын орындау мақсатында Марат Ахметжанов өңір тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Жезқазған жұртымен жүздесу барысында министр бірінші кезекте жиналған қауымға облыстық полиция департаментінің жаңадан тағайындалған бастығын таныстырды.

– Президент Әкімшілігінің келісуімен, Ішкі істер министрінің бұйрығымен Полиция департаменті бастығы лауазымына полиция полковнигі Қайыркен Жетпісбайұлы Әлиев тағайындалды. Ішкі істер органдарында 22 жылдан астам әр түрлі жауапты басшылық лауазымдарда жұмыс атқарған. Енді сол жинаған тәжірибесі мен қабілеті арқасында өңірдегі қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етеді деп сенемін, – деді Марат Ахметжанов.

Айта кету керек, Қайыркен Әлиев жаңа лауазымына дейін Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Ведомство басшысы енді оған артылатын міндет пен қойылатын талаптың күшейетінін де еске салды.

Министр полиция қызметінде жүргізіліп жатқан реформалар мен ішкі өзгерістерге тоқталып қана қоймай, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, аймақтағы криминогендік ахуалмен бөлісті.

– Ұлытау облысына келетін болсақ, биыл облыс бойынша мыңнан астам қылмыс тіркелген. Оның ішінде: адам өлтіру фактісі – 17, денсаулыққа ауыр залал келтіру – 24, зорлау – 8, ұрлық – 413, мал ұрлығы – 17, алаяқтық – 290. Тонау, бопсалау, бұзақылық сынды тағы да басқа фактілер бар. Халық санына шаққанда бірқатар қылмыс түрлері жоғары деңгейде, – деді ішкі істер министрі.

Криминогендік жағдайдың көңіл көншітпей тұрғанын айтқан Марат Ахметжанов бұл мәселені тез арада қолға алуды тапсырып, тәртіп сақшыларын қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресуге, профилактикалық жұмысты жандандыруға шақырды.

– Ең бастысы – профилактика, осы қылмыстарды болдырмау. Дербес облыс болдыңыздар. Басшылық осында. Криминалды полицияның басшылығы осында. Сондықтан да жағдай күрт өзгеруі керек. Департамент осында орналасқандықтан, мамандар осында жұмылдырылғандықтан, сіздерге қояр талабым осы – проблеманың себебін анықтап, шешу жолдарын табу, – деді ведомство басшысы.

Басқосуда еліміздің бас полицейі халықты толғандыратын сұрақтарды тыңдап, түрлі сауалдарға жауап берді. Іс-шара барысында полицияның емес, әкімдіктің құзыретіне кіретін сұрақтар да қойылды. Мұндай сауалдар кездесуге қатысқан жергілікті атқарушы билік өкілдерінің назарына ілікті. Сертіне адал сақшыларға алғыс айтқан адамдар да болды. 

Қаладағы “Тәтті” дүкенінде өрт шыққан еді. Балаларымызбен сол жерде сауда жасап тұрған болатынбыз. Айғайлап жәрдем сұрағанымызда есік алдында өтіп бара жатқан екі жігіт көмекке келді. Ол жердегі жігіттер Алдияр мен Мадияр Ұлытау облысының Жедел қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері болып шықты. Сол кісілердің арқасында қайғылы жағдайдан аман қалдық. Алғысымды айтамын! Осындай халқына қызмет ететін тәртіп сақшылары көп болсын!, – деп қала тұрғыны ризашылығын білдірді.

Жеке істер, басқа да проблемалық сұрақтар бойынша жүгінгендерді министр жеке қабылдады. Жауапты тұлғалармен бірге азаматтардың өтінішіне ден қойып, түйткілді дүниенің шешілуін өз назарына алды.

Министр облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлымен бірге өңірдің полиция департаментіне бөлінген ғимаратқа барды. Нысанның жай-күйімен танысып, полицейлердің жақсы қызмет атқаруы үшін оңтайлы жағдайлар жасалу керектігін де ұмыт қалдырмады.

Ұлытау облысында бүгінде 953 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Қоғамдық орындарда “дабыл түймелері” де орнатылған.

Жұмыс сапарының соңында Марат Ахметжанов әдеттегісінше Жезқазған қаласы Полиция басқармасының жеке құрамымен кездесті. Жаңадан тағайындалған өңір полициясының қызмет басшылары мен жетекшілерін таныстырды. Әріптестерін антқа адал болуға шақырып, бұған дейін кеткен кемшіліктермен күресіп, олқылықтардың орнын толтыру қажеттігін баса айтты. Ұлттың ұясы аталатын Ұлытаудың халқы тыныш әрі қауіпсіз қоғамда өмір сүруі үшін тәртіп сақшылары білікті болуы керектігін алға тартты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру