Қылқаламды жанына серік еткен сотталған
Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтардың бірі бос уақытын шығармашылыққа арнап, сурет салумен айналысады. Бала кезінен қылқаламға қызыққан азамат өнер арқылы өзінің ішкі сезімін жеткізіп, өткен қателігін саралап, түзелу жолындағы уақытын тиімді өткізуге күш салып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде абайсызда қылмыс жасап, жазасын өтеп жатқан азаматтардың арасында өнерге жақын жандар да бар. Солардың бірі – Е. есімді сотталған. Ол бала кезінен сурет салуға қызығып, қылқаламды жанына серік еткен.

– Сурет салуды кішкентай кезімнен бастадым. Алғашында жай ғана шимайлап сурет салатынмын. Уақыт өте келе бұл іс менің сүйікті әуестігіме айналды. Қылқаламды қолыма алған сәтте жан дүнием тынышталып, бар назарым суретке ауады, – дейді ол.
Алайда өміріндегі бір қателік оның тағдырын күрт өзгертті. Сотталғанның айтуынша, ол масаң күйде көлік тізгініне отырып, жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған. Осы әрекетінің салдарынан сот үкімімен бір жылға бас бостандығынан айырылған.
– Жасаған ісіме қатты өкінемін. Осындай жасқа келіп, темір тордың ар жағында отыру оңай емес. Бұл – өз қателігімнің салдары. Қазір өткенімді саралап, өмірдің қадірін бұрынғыдан да тереңірек түсіне бастадым. Сурет салу маған сабыр сақтауға, көңілімді тыныштандыруға көмектеседі. Қылқалам арқылы ішкі сезімімді жеткізіп, болашаққа деген үмітімді жоғалтпауға тырысамын, – дейді ол.
Ол үшін сурет салу – жай ғана шығармашылықпен айналысу емес, өткенін ой елегінен өткізіп, ішкі жан дүниесін қайта қалыптастырудың бір жолы. Қылқалам арқылы ол өз сезімін бейнелеп қана қоймай, өміріндегі қателіктен сабақ алып, болашаққа жаңа көзқараспен қарауға ұмтылып келеді.
