Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облыстық Полиция департаменті жылды қорытындылады

Бүгін Қызылорда облыстық Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан жеке құрамның қатысуымен жедел кеңес өткізіп, өткен жылды қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алдын алу жұмыстарын күшейту нәтижесінде қылмыс деңгейі азайды. Департамент бастығы Сұлтан Бектөренің айтуынша, өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты. Ауыр қылмыстар 13,3% (1097-ден 951-ге), ұрлық 9% (1428-ден 1299-ға), пәтер ұрлығы 12,8% (250-ден 218-ге), мал ұрлығы 33,7% (282-ден 187-ге) төмендеді.

Бүгінгі кеңес барысында Бектөре Сұлтан жуырда өткен ІІМ Алқа отырысында пысықталған шешімдер мен берілген тапсырмаларды жеке құрамның назарына ұсынды.

Атап айтсақ, полиция жұмысының сервистік моделіне көшу және халықпен тиімді серіктестікті орнату, “Жұртқа жақын полиция” қағидатын, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру, ішкі істер органдарының қызметінде ашықтықты және айқындықты қамтамасыз ету мәселелері нақтыланды.

Департамент бастығының төрағалығымен өткен бүгінгі жедел кеңес барысында полиция органдарының 2021 жылдың қорытындысы бойынша жедел қызметтік жұмыс пен жеке құрам арасындағы тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі туралы департамент бастығының орынбасарлары және Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы баяндама жасады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметтік әдеп нормаларының сақталуына ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, департамент бастығы Бектөре Сұлтан Ішкі істер министрі келер 2022 жылды жол-көлік оқиғаларының азаю жылы деп жариялағандығын атап өтті.

Жалпы қазіргі уақытта жол қауіпсіздігі – өзекті мәселелерді бірі. Талдау көрсеткендей, көлік оқиғаларының басты себебі – жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, автокөлікті мас күйде басқару болуда. Полиция департаментімен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында оңды шаралар қолға алынып отыр.

Өңірде жыл басынан жол қозғалысын бұзудың 133 мыңнан астам дерегі, оның ішінде жол апаттарына тікелей әсер ететін автокөлікті құжатсыз басқарудың 2334 дерек анықталса, автокөлікті мас күйде басқарған 1000-ға жуық жүргізуші ұсталып, көлік құралын жүргізу құқығынан айрылды.

Осыған байланысты Бектөре Сұлтан тиісті қызмет басшыларына жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

Аудиоселекторлық режимде өткен жедел кеңес барысында полицияның жұмысын жақсарту, ішкі істер органдарын цифрландыру, полицияны халыққа жақындату, оң имиджін нығайту, халықтың сенім деңгейін арттыру және полиция қызметінің өзекті мәселелері туралы халықты жан-жақты және шынайы ақпараттандыру, полиция қызметін жетілдіру бағытындағы шаралар жөнінде сөз қозғалды.

Кеңес қорытындысы бойынша департамент бастығы Бектөре Сұлтан жедел-қызметтік жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытта бұл жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты шараларды белгіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру