Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің кітапхана қоры 300 жаңа кітаппен толықты
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің кітапхана қоры 300 жаңа кітаппен толықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін арттыру жөніндегі бастамасына сәйкес, сотталған азаматтарды кітап оқуға баулу және олардың рухани дамуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Рухани байлықтың қайнар көзі – кітап. Сондықтан Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде кітапхана қорын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Жуырда мекеме кітапханасының қоры тағы да 300-ге жуық кітаппен толықты. Қала тұрғыны Салтанат есімді азаматша кітаптарды сыйға тартып, игі іске өз үлесін қосты. Түрлі жанрдағы әдеби шығармалар сотталған азаматтардың дүниетанымын кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуына ықпал етпек.
– Жазасын өтеуші азаматтарды қайта әлеуметтендіру бағытындағы жұмыста кітаптың орны ерекше. Сондықтан олардың сұранысын ескере отырып, кітап қорын толықтыруға әрдайым мән береміз. Кітапханамызды тәрбиелік мәні зор, танымдық әрі мазмұнды әдебиеттермен байытуға тырысамыз. Қазіргі таңда мекеме кітапханасындағы кітап саны 5 мыңнан асты. Әрбір сыйға тартылған кітапты жоғары бағалаймыз. Осындай жанашыр жандардың қолдауы кітапхана жұмысының жандануына серпін береді, – дейді мекеменің кітапхана маманы Асылбек Бурханов.
Мекеме алдағы уақытта да рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған игі бастамаларды жалғастыра бермек.
