Қызылордада Полиция күніне орай ҚАЖ департаментінің 50 қызметкері марапатталды
Қазақстан полициясы күніне орай Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиынға ҚАЖ қызметкерлері, сала ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Жиында ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Зиябеков жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен заңдылықты нығайту жолындағы еңбектеріне жоғары баға берді.
Мереке аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің және Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бұйрықтары негізінде қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары кәсіби нәтижелерге қол жеткізген және үлгілі тәртіп көрсеткен 50 қызметкер түрлі ведомстволық марапаттарға ие болды. Сондай-ақ бірқатар қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Салтанатты жиында арнайы атақтар да берілді. Атап айтқанда, әділет капитаны Мерей Табылғановаға кезекті әділет майоры арнаулы атағы табысталса, Нұргүл Ишанбекке алғаш рет әділет лейтенанты арнаулы атағы берілді.
Іс-шара барысында қылмыстық-атқару жүйесі саласының қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттап жүрген бірқатар журналист ҚАЖ департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл күн қызметкерлердің кәсіби еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісіне айналып, олардың Отан алдындағы жауапты қызметіне жаңа серпін берді.
