Қызылордада пробация есебіндегі жасөспірімдер кітапханаға экскурсия жасады
Қызылордада пробация есебіндегі жасөспірімдер кітапханаға экскурсия жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған кәмелетке толмаған сотталғандардың рухани-мәдени дамуын қолдау, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында олардың Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға танымдық экскурсиясы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында жасөспірімдер кітапхананың оқу залдары, кітап қоры және заманауи қызмет көрсету мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері арнайы кітап көрмесін ұсынып, түрлі жанрдағы әдебиеттерді таныстырып, кітаптың адам өміріндегі маңызы, білім мен тәрбиедегі рөлі туралы кеңінен әңгімеледі.
Экскурсия соңында қатысушыларға кітапхана ұжымы тарапынан көркем әдебиеттер сыйға тартылып, тұрақты түрде кітап оқуға шақырды. Мұндай тағылымды іс-шаралар кәмелетке толмағандардың дүниетанымын кеңейтіп, білімге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ олардың қоғамға бейімделуіне оң ықпал етеді.
Қызылорда қалалық пробация қызметі алдағы уақытта да жасөспірімдердің тәрбиесі мен рухани дамуына бағытталған осындай мәдени-танымдық іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырады.
