Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері балаларға мерекелік қуаныш сыйлады
Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері балаларға мерекелік қуаныш сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері облыстық балаларды оңалту орталығына барып, тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтады.
Қайырымдылық шарасы аясында мекеме ұжымы балаларға түрлі сыйлықтар мен дамытушы ойыншықтар табыстап, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік кездесуде бүлдіршіндерге ізгі тілектер айтылып, олардың жарқын болашағына деген сенім білдірілді.
Іс-шара барысында балалармен жылы жүздесу ұйымдастырылып, олардың көңілін көтеруге ерекше назар аударылды. Қонақтар бүлдіршіндермен әңгімелесіп, мерекелік күннің мәні мен маңызы туралы ой бөлісті.
Жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімше бастығы, әділет майоры Әлішер Беркінбеков мұндай игі бастамалардың балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы жанашырлық пен қамқорлық құндылықтарын дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.
– Балалардың жүзінен шаттық көру – біз үшін үлкен қуаныш. Әрбір бала мейірім мен қамқорлыққа, бақытты балалық шаққа лайық. Сондықтан осындай мерекеде олардың көңілін көтеріп, қуаныш сыйлауды өз міндетіміз деп санаймыз, – деді ол.
Өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері әлеуметтік мекемелерге тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Олар қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, қоғамдағы ізгілік, мейірімділік және жанашырлық құндылықтарын насихаттауға өз үлестерін қосуда.
Өз кезегінде облыстық балаларды оңалту орталығының басшылығы ҚАЖ департаменті қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы мен қайырымдылық көмегі үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Мамандардың пікірінше, балаларға қолдау көрсетуге бағытталған осындай игі шаралар қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, жас ұрпақтың жарқын болашағына деген сенімді нығайта түседі.
