Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азамат домбыра жасаумен айналысады

Қызылордада түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азамат қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Нұржан есімді азамат есірткі сатқаны үшін 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазіргі уақытта жазасының жеті жылын өтеген. Мекемеде жазасын өтеу барысында ағаш ұстасы кәсібін игеріп, диплом алған. Ол жеті жылдан бері мекемеде ағаш бұйымдарын жасайды. Көбіне ағаштан қобдиша мен домбыра жасайды екен. Домбыра жасаудың қыр-сырын жетік меңгерген азамат оның жасалу жолын тізбектеп айтып берді.

– Домбыра жасау үшін қарағай, қайың, емен ағашы пайдаланылады.Бұл ағаштар міндетті түрде кепкен болуы керек. Ағаштар  арнайы арамен кесіледі, оларды жонып, формасын жасаймыз. Формасы дайын болған шанақты қалыпқа салып, иіп, пеште күйдіреміз. Домбыраның мойнын, бетін, құлағын арнайы желімнің көмегімен жабыстырамыз. Дайын болған домбыраны әбден сүргілеп, оюын салып, лак жағамыз. Бұл ұлттық аспапты жасауға шамамен он күндей  уақыт кетеді, –  деді ол.

Нұржанның өзі домбыра шертетін болғандықтан, оған домбыраның қоңыр үнін шығару қиын емес екен. Домбыра тартқаны болмаса, ағаштан ою оюды осы мекемеге келгелі үйренген. Жеті жылдан бері оның қолынан 200-ге жуық  домбыра  мен қобдиша шыққан.

Ол бізге әшекей салатын қобдишаның жасалу жолын былайша түсіндірді.

– Қобдишаға да қарағай, қайың, емен ағаштары пайдаланылады. Алдымен ағаштан қобдишаның өлшемін дайындап алған соң, оны сүргілеп, формасын жасаймыз. Сыртына қарындашпен ою салып, арнайы кескіш құралдарды қолданады. Сырты дайын болған қобдишаға екі  рет жағамыз. Сыртына сурет салу үшін майлы қаламды пайдаланамыз. Одан соң қобдишаның ішін әдемі матамен қаптаймыз. Қобдишалардың көлеміне байланысты жасалу уақыты да  әртүрлі болады. Кішкене қобдишаларды 3-4 күнде жасасақ, көлемділеуін бір аптада жасаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Айлығымды уақтылы аламын. Менің тілеуімді тілеп отырған жалғыз анам бар. Алатын айлығымның бір бөлігін анама жіберіп, қалғанына өзіме қажетті заттарды мекемедегі дүкеннен аламын, – деп аяқтады ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру