Қызылордада ұрланған автокөлік иесі полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді
Қызылордада ұрланған автокөлік иесі полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сырдың сақшылары Отан мен халық алдындағы міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Халық тыныштығын сақтау жолында оларға үлкен жауапкершілік жүктелген. Бүгінгі күні олардың ел қауіпсіздігі жолындағы еңбегі еленіп жатыр. Жыл басынан бері өңір тұрғындарынан Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының атына 20-ға жуық алғыс хаттар келіп түсті. Мысал келтірер болсақ, әлеуметтік желілерде бейнежазба арқылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны Талғат Құрманов жедел әрекет еткен полицейлерге шын ниетпен алғысын білдірді.
9 тамыз күні кешкі сағат 21:00 шамасында Әйтеке би кенті Жанқожа батыр көшесінде тұратын танысының үйіне барып, есік алдына қойып кеткен автокөлігінің бір сағаттан соң белгісіз біреудің айдап кеткенін байқаған ол, тез арада «102» нөміріне қоңырау шалып, автокөлігінің ұрланғаны туралы хабарлама береді. Полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, бірден іздестіру жұмыстарын жүргізіп, бір сағатқа жетпей көлікті иесіне қайтарып, күдіктіні ұстайды. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша полицейлермен тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Талғат Құрманов: – Қазалы ауданының полиция қызметкерлеріне жоғалған автокөлігімді тез арада тауып бергені үшін алғысымды шексіз. Еңбектерінің жемісін көрсін, қызметтері өрлей берсін дегім келеді. Тағы да жұмыстарына сәттілік, аянбай халыққа жасап жатқан қызметтеріне мың алғыс айтамын, – деген жылы лебізін білдірді.