Қызылордада жазасын өтеушілер ротанг жиһазын шығаруда
Қызылордада жазасын өтеушілер ротанг жиһазын шығаруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеуші азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіп үйрету және кәсіпкерлермен байланыс орнату маңызды рөл атқарады.
Осындай игі бастамалардың жарқын көрінісі ретінде Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемеде жаңа кәсіп көзі — ротангтан жиһаз шығару өндірісі ашылды.

Іске қосылған ротанг жиһазын өндіру ісі — жазасын өтеушілер үшін де, кәсіпкер үшін де тиімді қадам болмақ. Өндірістің бұл түрі мекемеге алғаш келуде. Кәсіпкер әрбір сотталған азаматқа жиһазды өру технологиясын өзі үйретіп, дәлдік пен мұқияттылыққа баулуда.

Дайын өнімге жету екі бағыттан тұрады. Тоқуға дейін темірді кесіп, иіп, дәнекерлеу арқылы өнімнің негізі қаланады. Құрастырылған темір одан әрі тоқуға жіберіледі. Арнайы табиғи талшықтардан жасалған лентаны түрлендіріп тоқу арқылы дайын өнім шығады.

Қазіргі таңда мекемеде жазасын өтеуші 7 адам осы өндірісте жұмыс жасауда. Еңбек етіп жатқан сотталғандардың алды аздаған уақытта жаза мерзімін аяқтамақ, осы орайда кәсіп иесі осы іске машықтанған азаматтарды бостандыққа шыққанда жұмыспен қамтуға ниетті.

Бұл жаңа бастаманың өндірістік және әлеуметтік маңызы бойынша кәсіпкер:
− Түзеу мекемесіне жаңа кәсіп көзін әкелу мен үшін жаңа деңгей болды. Сотталған азаматтарға бұл кәсіпті үйрету қиын болмады, осы өнімді білетін, жұмыс жасағысы келетін адамдарды қабылдадым. Жұмыс есептен шатаспауды, қолдың икемділігін т алап етеді. Бұл өнімді меңгерген адам бостандыққа шыққанда сұранысқа ие маман атанады. Кәсіпке қызығушылық танытқандар көп. Бұл өнімді жасап шығару елімізде де жаңадан басталып жатқандықтан, халық арасында сұраныс артып келеді. Әзірге тапсырысты әлеуметтік желілерден аламын. Тапсырыс көлемін көбейтіп, бұданда көп сотталғанды жұмыпен қамтуды жоспарлаудамын, − дейді "Әшірбек" Жеке кәсіпкерлігінің иесі Ербол Темірбекұлы.
