Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сату мақсатында үйінде есірткі сақтаған шымкенттік азамат құрықталды

Шымкент қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұзақ мерзімді жедел әзірлеме жұмыстары нәтижесінде қала аумағында есірткі заттарын өткізумен айналысқан 55 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу сотымен санкцияланған тінту жұмыстары нәтижесінде, Орманшы тұрғын алабында орналасқан тұрғылықты мекенжайындағы жатын бөлмесінен шкаф ішіне және киім-кешектерге жасырылған, қағазға оралып өткізуге дайындалған жалпы 8 дана есірткі бумалары анықталып, тәркіленіп алынды.

Сондай-ақ жедел уәкілдер оның Абдулабад тұрғын алабындағы мал қорасынан тағы қосымша 3 литрлік шыны банкаға салынған және ақ түсті қапта сақталған өткір иісті есірткіге ұқсас заттарды тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған заттардың марихуана және гашиш есірткі заттары екендігі расталып, жалпы салмағы 500 грамнан асты.

Одан бөлек, жедел-іздестіру іс-шаралар барысында, оның 54 жастағы сыбайласы анықталып, тергеу бөліміне жеткізілді.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, ал екіншісіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат бұлтартпау шарасы қолданылды.

Полиция қызметкерлері есірткі заттарын өткізу аса ауыр санаттағы қылмыс ретінде сараланатынын, сондай-ақ онымен байланысты заңсыз әрекеттер бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру