Семейде чемпиондармен жүздесу жастарға жаңа серпін сыйлады
Семейде өткен "Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" форумында қатысушылар тек әлемдік деңгейдегі спортшылармен жүздесіп қана қоймай, жастардың шынайы әсері мен асқақ армандарына да куә болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Форум қонақтарының бірі — М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенті Диас Шапенов. Жас спортшы каратэмен айналысады, бүгінде түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындар иеленіп, Абай облысының намысын абыроймен қорғап жүр.

Диастың айтуынша, ол әлем чемпиондары мен танымал спортшылармен кездесуді ерекше күткен. Себебі халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын желбіретіп жүрген тұлғаларды өз көзімен көру — жас спортшы үшін зор мотивация.
- Әлем чемпиондарының жанында тұрғанда, адам бәрі мүмкін екенін сезінеді. Мен де бір күні Қазақстанның туын әлемдік деңгейде көтергім келеді, — дейді ол.
Жас спортшыға ерекше әсер қалдырған жайттардың бірі — Абай облысы полиция департаменті басшылығының қызметпен қатар спортта да биік жетістіктерге жетуі болды.
Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров — каратэден дан иегері әрі жастар арасында спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қолдау көрсетіп келеді.
Осындай кездесулер жас буынға үлкен серпін беріп, олардың спортқа, тәртіпке және заңға деген құрметін арттыра түседі. Сонымен қатар жастарды биік мақсат қойып, оған адал еңбек пен табандылық арқылы жетуге жігерлендіреді.
