Шахтинск қаласында үй иесі ұрыны ұстап алды
Шахтинск қаласында үй иесі ұрыны ұстап алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 қыркүйекте сағат 23.00 шамасында Қарағанды облысы Шахтинск қаласының полиция бөліміне Ленинградская көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтерінде ұрлық болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға болған жерге жедел-тергеу тобы жетті.
Полицейлерді пәтер иесі 30 жастағы ер адам қарсы алып, ұрыны полицияға тапсырды.
Анықталғандай, жұмыс ауысымынан кейін демалып жатқан үй иесі түсініксіз дыбыстан оянған. Ол бөлмені айналып өтіп бара жатқан бір адамды көріп, тез шешім қабылдап, ұрыны ұстап алады, содан кейін полицияға хабарласады.
Күдікті Теміртау қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол пәтерге жатын бөлмесінің терезе пластик жақтауын ашып кіргенін түсіндіріп, кінәсін мойындады. Полицейлер тексеру кезінде күдіктінің жәбірленушіден ұрлап үлгерген тоғыз мың теңгені тауып, тәркіледі.
ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.