Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент тұрғындары арзан бағада алтын аламыз деп алаяққа алданып қалды

Шымкент тұрғындары арзан бағада алтын аламыз деп алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының 39 жастағы тұрғыны өзінің Instagram желісіндегі парақшасында шетелден арзан бағадағы алтын алып келемін деген желеумен тұтынушыларды қызықтырған. Сонымен қатар ол зергерлік бұйымдардың фотосуреттерін және олардың астындағы жалған оң пікірлерді күнделікті жариялау арқылы азаматтардың сеніміне кірген.

Шымкент полициясына осыған ұқсас шағыммен интернет-алаяқтың құрбаны болған үш жергілікті тұрғын арызданды. Зардап шеккендердің айтуынша, алаяқ басқа елден алтын бұйымдардың бір грамын 15 мың теңгеден алып келуге уәде берген. Әйелдердің әрқайсысы бірнеше қымбат зергерлік бұйымдарға тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасаған. Біраз уақыттан кейін олар хат алмасып отырған адам олардың байланыс нөмірлерін бұғаттап тастағанын анықтады. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 млн теңгеден асты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жәбірленушілер берген ақпаратты зерттеп, олардың ақша аударымдарын тексерді. Қабылданған шұғыл шаралардың нәтижесінде күдікті Түркістан облысының аумағында ұсталды.

– Аталған жайт бойынша қазіргі уақытта Абай аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты сотпен ешқайда кетпеу туралы шара қолданылды, – деді тергеуші Мардан Шәріпбаев.

Сондай-ақ полиция қызметкері ер адамның алаяқтық әрекетінен зардап шегушілер санының артуы мүмкін екенін айтып, азаматтарды тексерілмеген немесе күмәнді интернет-сатушыларға сенбеуге және тек сенімді интернет-дүкендерде сауда жасауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру