Шымкентте дүкенге ұрлыққа түскен күдікті анықталды
Шымкентте дүкенге ұрлыққа түскен күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дүкен сөресінде сатылымда тұрған ерлердің қырынуға арналған ұстара құрылғыларына ұрлыққа түсіп, «олжасын» көтерме бағамен өткізбекші болған. Оқиға Шымкент қаласындағы ірі сауда орындарының бірінде болды.
Бұл жайт бойынша 3 қазанда Абай ауданының Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, өз өкілетіндегі сауда үйінен белгісіз тұлға 65 ерлер ұстарасын жасырын түрде ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Жалпы келтірілген шығын 600 мың теңгені құраған.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Абай АПБ-ның қызметкерлері арыз түскен бойда жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Сұрастыру жұмыстары қолға алынып, сауда нүктесіндегі және оған жақын маңайдағы бейнебақылау камералары жіті қаралды. Нәтижесінде күдікті азаматтың жеке басы анықталып, сақшылар оны бір тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ұсталған азамат Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұған дейін қарақшылық жасағаны үшін сотты болған.
Күдікті өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын жеткізді.
Қазіргі кезде айғақты заттар толық тәркіленіп алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.