Шымкентте кезекті бильярд клубының жұмысы тоқтатылды
Шымкенттік полицейлер карантиндік талаптарды сақтамаған бильярд клубын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздегі коронавирусқа байланысты Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері Еңбекші ауданы аумағында орналасқан кафе-мейрамханаларға, ойынхана клубтарына тексеру жүргізді. 20 сәуір күні сағат 16:35-те тексеру барысында Ш.Уалиханов 192/1 үйде орналасқан «Орион» бильярд клубына мониторинг жүргізу барысында карантиндік талаптарды сақтамай жұмыс жасап жатқаны және қызметкері бір реттік бетпердені мүлдем тақпағаны анықталды.
Анықталған деректерге қатысты жинақталған материалдар шара қабылдау үшін Еңбекші ауданы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына іс-құжаттар жолданып, түсініктеме алынды.
Осыған орай, полиция қызметкерлері құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және карантин кезінде азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға назар аударуды сұрайды.