Шымкентте пәтер ұрлығы 70 пайызға төмендеген
Шымкентте көп қабатты тұрғын үйдегі бейнебақылау камералары арқылы пәтер ұрлығы 70 пайызға төмендеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласында қылмыстың санын азайту және алдын алу мақсатында учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындармен үйлердің кіреберісіне тиісті камераларды орнату бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде көп қабатты үйлердің кіре-берістеріне 2 462 камера орнатылып, қылмыстың төмендеуіне ықпал етті. Бұл жөнінде Шымкент қаласы ПД бастығы Е.Жұмаханбетов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.
– Пилоттық жоба ретінде «Қазақтелеком» телекоммуникациялық компаниясы арқылы бейнебақылау камералары қараша айында Шымкент ҚПД Жедел басқару орталығына қосылған болатын. Аталған жоба негізінде қылмыс саны едәуір азайды. Бүгінде 16 қараша мен 7 желтоқсан аралығында, қала көлемінде 955 қылмыс тіркелген. Тонау – тоғыз (2019-29), бұзақылық – 26 (2019-61), ұрлық – 269 (2019-518). Ал пәтер ұрлығы – 27 болып, өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға төмендеді, – деді департамент бастығы.
Сонымен қатар, нөлдік төзімділік қағидасы және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 758 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК 434-бабы – 294 (Ұсақ бұзақылық), ҚР ӘҚБтК 440-бабы – 63 (Қоғамдық орында спирттік ішімдік ішу), ҚР ӘҚБтК 449-бабы – екі (Қайыршылық), ҚР ӘҚБтК 517-бабы – бес (Көші-қон заңнамасын бұзу), ҚР ӘҚБтК 441-бабы – 146 (Қоғамдық орында темекі шегу және тастау), ҚР ӘҚБтК 204-бабы – сегіз (Заңсыз сауда), ҚР ӘҚБтК жол ережесін бұзу – 161, ҚР ӘҚБтК 442-2-бабы (Түнгі уақытта ата-анасыз және заңды өкілсіз үйде тыс жерде жүргені бойынша) – 79.