Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік полицейлер Қазақстан полициясы күнін атап өтті

Полиция департаментінің мәжіліс залында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған қызмет барысында қаза болған полицейлердің туыстары, ішкі істер органдарының ардагерлері және жеке құрам қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты жиын туды ортаға алып келу рәсімімен және мемлекеттік әнұранмен басталып, ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың құттықтауымен жалғасты. Кейін, Шымкент полициясы туралы қысқаметражды фильм көрсетіліп, департамент бастығы Қайрат Дәлбеков сөз сөйледі.

– Полиция департаментінің қызметі туралы ұзақ сөйлеуге болады, бірақ бір айтарым, бұл сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің, ұйқысыз түндеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің жемісі. Сіздердің қызметтеріңізді Ішкі істер министрлігі жоғары бағалайды және нәтижелі жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалуда, – деді мегаполистің бас полицейі.

Ізгі тілектің соңы, қызмет бабында қаза болған полицейлерді 1 минут үнсіздікпен еске алу рәсімімен жалғасып, олардың отбасы мүшелеріне мерекелік сый-сияпаттар табысталды.

Кәсіби мерекеге орай қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәртіп сақшылары ІІМ-нің бұйрығымен марапатталды. Атап айтқанда, жедел басқару орталығының бастығы Асқар Алипбаев мерізімінен бұрын “Полиция полковнигі” арнаулы атағын алды. Дәл осылай тағы үш полицейге мерзімінен бұрын шен берілді.

“Құрмет” грамотасымен бір қызметкер, “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медальмен Александр Ганибаев мен Ерболат Мұсабеков марапатталды. “Қазақстан полициясына 30 жыл” мерекелік медалін 4 қызметкер, ІІ дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісін екі полицей және ІІМ-нің Грамотасы мен Алғыс хатын жалпы 5 тәртіп сақшысы алды.

Бұған қоса, полиция департаменті бастығының бұйрығымен 24 қызметкерге Алғыс хат пен Грамота табысталды. Марапаттау рәсімінен соң Қайрат Сұлтанбайұлы еліміздегі соңғы жағдайларға байланысты мерекелік концерт болмайтынын жеткізіп, Абай облысындағы өрт кезінде қаза болған азаматтардың отбасына қайғыра көңіл айтты.

Шара соңында Қазақстан полициясына ерен еңбегі сіңген, қоғам тыныштығы жолында қылмысқа қарсы күресіп, қызметте қаза болған полицейлердің рухына тағзым етілді. Оларға деген шексіз құрметтің белгісі ретінде Шымкент қаласы полиция департаментінде орналасқан ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру