Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері үш күн ішінде интернет-алаяқтықпен айналысқан жеті күдіктіні ұстады

СҚО полицейлері үш күн ішінде интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен жеті күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңірде ақпанның 7-9 аралығында “Anti-fraud” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның мақсаты – ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыру. Жедел уәкілдер учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп алдын алу жұмыстарын жандандырды. Петропавлда түсіндіру жұмыстары жүргізілген орындар – “Дария”, “Океан” базарлары, көтерме сауда орталығы.

Ақпараттық акцияға қалалық прокуратура қызметкерлері, СҚО әкімдігі жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелері мен полицияның ерікті көмекшілері қатысты. Тәртіп сақшылары мен алдын алу жұмыстарына қатысушылар мың жарымнан астам ақпараттық парақша таратты. Әрқайсысына банктен қоңырау шалу, интернеттегі хабарландырулар бойынша тауарлар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасау сияқты айлакерлердің кең таралған әрекеттері туралы айтылды. Сондай-ақ ұялы телефонға бейтаныс қосымшаларды орнатпаған жөн. Банк карталарының нөмірлері мен құпия парольдерін, sms-хабарламалар арқылы келетін кодтарды ешкімге айтпаған жөн.

– Бүгінде адамдардың көпшілігі интернет-алаяқтардың әрекеттерінен болатын қауіп жайлы хабардар. Түсіндіру жұмыстары барысында көптеген адамдар бұрын өздеріне әлдебіреулердің “банктен” қоңырау шалғанын және бірден тұтқаны қоя салғанын айтты. Десе де, қаңтар айында облыста 46 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Желілік қылмыскерлерден келетін қауіп туралы тұрғындарға айтып жеткізу полицияның негізгі міндеттерінің бірі. “Anti-fraud” іс-шарасы шеңберінде ақпараттық жұмыстармен қатар жедел және тергеу жұмыстары да күшейтілді. Үш күнде екі интернет-алаяқтық фактісі ізін суытпай ашылды. Осындай қылмыстарды жасады деген күдікпен 7 тұлға анықталды. Олардың екеуінің желілік алаяқтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру