Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ҚАЖД қызметкерлері III дәрежелі “Айбын” орденінің иегері Ербол Отарбаевпен кездесті

2010 жылы Ақтаудағы колониядан тұтқындардың қашып кетуі кезінде әскери борышын орындап, көрсеткен ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен III дәрежелі “Айбын” орденімен наградталған Ербол Отарбаев СҚО бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемесінің жас қызметкерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

21 маусымнан 22 маусымға қараған түні Маңғыстау облысындағы колониядан тұтқындардың қашуы Қазақстанның қазіргі тарихындағы ең ірі оқиғалардың бірі болып сананады. Ақтау қаласында мерзімді қызметін өткеріп жүрген Ербол Отарбаев оқиға кезінде 19 жаста еді, жас екеніне қарамастан батылдық танытып, 21 қарулы тұтқынға қарсы тұра алды.

Кездесу барысында департамент бастығының орынбасары Қанат Сулейменов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркеұлан Бектуров және ҚР ҰҰ академиясының жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультетінің аға офицері Берік Ахметжанов кіріспе сөз сөйледі.

Жиында Ербол қатысушылармен сол күннің тарихымен, өз сезімдерімен бөлісіп, алған жарақаттары және өзінің өмір жолы туралы айтты.

– Сол түннің оқиғасы есімде ең кішкентай бөлшектерге дейін сақталған, оны ешқашан ұмытпаймын. Мен бекетте болған кезде трансформатор сынып, колонияның бүкіл периметрі бойынша шамдар сөніп қалды. Кенеттен сотталғандардың менің бағытыма қарай жүгіріп келе жатқанын көрдім. Күтпеген жерден олар ата бастады. Оқтардың бірі маған да тиіп кетті. Салдарынан сол қолдың сүйегі, бір қабырғам сынған, өкпенің 25%-ы жоқ. Бір оқпен 13 жыл бойы өмір сүріп келе жатырмын. Оқиға болған кезде басымда бір ғана ой болды: оларды тоқтату. Ұзақ ойланып тұруға уақыт болмады. Мен әрбір бейбіт тұрғынның өміріне жауап беретінімді түсіндім. Бұл менің Отан алдындағы борышым. Бұл оқиға қазақстандық “Алтыншы бекет” фильмінің сюжетінің негізі болды. Сіздердің көпшілігіңіз естіген шығарсыз. Басты кейіпкер мен оның ең жақын досы арасындағы достық туралы оқиға сюжеттің бір бөлігі ғана екенін атап өткім келеді. Ол жас ұрпаққа сабақ беру мақсатында қосылды, – деп бөлісті Ербол Отарбаев.

Қазіргі уақытта Ербол Отарбаев капитан атағына ие және Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультетінің бірінші курс тыңдаушысы. Жұбайы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.

2023-2025 жылдарға арналған Жол картасының кешенді жоспарын орындау аясында ұйымдастырылған кездесу соңында қонақтар жас қызметкерлерге нұсқаулық беріп, қызметте сәттілік пен өркендеу тіледі. Жеке құрам өз кезегінде ұйымдастырылған кездесу үшін алғыс сөздерін білдіріп, естелікке суретке түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру