Телефон алаяқтары ақмолалық тұрғынды 5 миллион теңгеге алдап кетті
Телефон алаяқтары ақмолалық тұрғынды 5 миллион теңгеге алдап кетті. Жалған қызметкерлердің нұсқауларын орындай отырып, азаматша екі банкте онлайн несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтықтың кезекті фактісі 4 тамызда Целиноград ауданында тіркелді. Аудандық полиция бөліміне алаяқтық туралы өтінішпен елді мекендердің бірінің 36 жастағы тұрғыны жүгінді.
Жәбірленушінің айғақтарынан көрінгендей, әйел интернет-алаяқтар қолданатын ең көп таралған схемаға тап болған.
1 тамызда белгісіз біреулер өтініш берушінің телефонына қоңырау шалып, өздерін екінші деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері деп таныстырып, қазіргі уақытта оның атынан несие алуға өтініш түскенін хабарлаған. Үрейі ұшқан әйел алаяқтармен сөйлесіп тұрғанын түсінбеген, ал олар өз кезегінде оны ұялы телефонына қосымшаны жүктеу арқылы заңсыз әрекеттерді тоқтатуға болатындығына сендірген.
Желілік алаяқтардың нұсқауларын орындай отырып, ауыл тұрғыны қажетті қосымшаларды орнатып, кейін екі банкте жалпы сомасы 5,2 млн теңгеден астам несие рәсімдеген. Ақша бірден алаяқтардың шотына аударылған. Тек 3 күннен кейін әйел алдаудың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді.
Аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге кірісті.