Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғын үйден электрсамокат ұрлағандар анықталды

СҚО полицейлері қала тұрғынына ұрланған электрсамокатын қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Подъезден ұрланған самокатын қайтарғанына қуанған қала тұрғыны полицейлерге алғысын білдіріп, әлеуметтік желіге бейнежазба орналастырған. 2020 жылдың 21 қыркүйегіне қараған түні Екінші полиция бөлімінің кезекші бөліміне көппәтерлі үйдің тұрғыны қоңырау шалған. Ол подъезден шыққан шуды естіп, есіктің көзінен ар жақта медициналық бетпердедегі екі адамды көрген. Бәрі тынышталғаннан кейін, пәтерден шыққан кезде құны 200 мың теңге тұратын “Kugoo S 3” самокатының жоғалғанын байқайды. Қала тұрғынының шақыртуына Петропавл қ. ПБ 2-ші ПБ жедел-тергеу тобы келеді. Түннің қалған бөлігін 2-полиция бөлімінің жедел уәкілдері Асқар Омаров пен Бахтияр Мұқанов табандарынан тауысты. Жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу барысында самокатты ұрлағаны үшін Қостанай облысының тұрғыны анықталып, ұсталды.

Ол достарымен бірге Петропавл қаласына жұмысқа орналасуға келген. Жалға алған пәтерде ішімдік ішкеннен кейін досымен сыртқа шыққан. Бөтен подъезге келіп, домофонның тетігін басып аржағындағы адамға көршілерміз деп таныстырған. Троспен бекітілмеген самокатты байқап, өздерімен бірге алып кетуді шешкен. Жедел уәкілдер оларды жалдамалы пәтерден заттарымен шығып бара жатқан тұста анықтайды. Петропавл қ. ПБ 2 ПБ тергеушісі полиция аға лейтенанты Умудбек Фархадовтың айтуынша, аталған факті ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген.

Полицейлер қала тұрғындарын өз мүлкінің сақталуына назар аударуға шақырады. Подъездерде қалдырылған велосипедтерді, самокаттарды, шаналарды арнайы троспен бекіту қажет. Үйлердің подъездерінде бейнебақылау жүйесін орнатып, ұжымдық қауіпсіздік туралы келіскен жөн. Тағы айта кететін жайт: түнде домофонға хабарласқан кезде, бөгде адамдарды подъезге кіргізбеген абзал.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру