Түркістан облысында көшеге 2 тоннадан астам құрылыс қалдығын төккен тұрғынға шара қолданылды
Түркістан облысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар елдімекен аумағында тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара барысында Қазығұрт ауданының тұрғыны көше бойына 2 тоннадан астам бетон және өзге де құрылыс қалдықтарын төккені анықталды. Азаматтың әрекетіне байланысты абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін шара көрілді.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары 20-дан астам қоғамдық орынды тексерді. Нәтижесінде "нөлдік төзімділік" қағидаты аясында тәулік ішінде 14 құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Полицейлер тұрғындарды қоғамдық орындарда тазалық сақтап, абаттандыру талаптарын бұзбауға және белгіленген тәртіпті сақтауға шақырады.
