Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктеді

Түркістан облысының бас полицейі жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің төрағалығымен осы жылдың 9 айында атқарылған жұмысты қорытындылау мақсатында жиын өтті. Оған барлық қалалық, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің басшылары мен орынбасарлары қатысты. Жиналыс барысында ПД бастығының орынбасарлары өз салалары бойынша қорытынды жасап, жұмыс нәтижесін баяндады.

– Құрметті әріптестер! Қылмыссыз қоғам құру жолында баршамыз бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Осы ретте назарымызды бірінші кезекте ел Президенті мен ішкі істер министрі ден қойған жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмауға, алаяқтық, мал ұрлығы, жол көлік оқиғаларын болдырмау, қару қолданумен болатын қылмыстарға жол бермеу бағытында профилактикалық шараларды атқаруды тапсырамын. Алдағы уақытта барлық полиция басқарма, бөлімдерінің жұмыстарын, ондағы кіші жедел басқару орталықтары мен бейнебақылау камераларын қадағалау, жол белгілерінің орнатылуын бақылап, жасөспірімдермен жиі кездесулердің өткізілуін қамтамасыз ету үшін арнайы топ құрылып, жұмыс жасайтынын ескертемін, – деп атап өтті облыстың бас полицейі М.Қабденов.

Одан әрі жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтарына жол бермеу, қызметтік тәртіпті сақтап, жұртқа жақын полиция қағидатын қалыптастыруға да баса назар аударылды.  Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Б.Жанаевқа облыс орталығынан жаңадан құрылып жатқан Отырар мөлтек ауданына “SOS” батырмаларын орнату бойынша тапсырма берді. Оған қоса уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлері мен олардың жұмысын тексеру тапсырылды.  

Ақпарат ретінде айтып өтсек, 2023 жылдың 9 айында Түркістан облысында орын алған қылмыс өткен жылға қарағанда 10,8 пайызға азайған. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелімі 19,2 пайызға төмендеген.  

Патрульдік полиция, ювеналды және учаскелік полиция инспекторлары осы айдың соңына дейін жаңа кейіптегі смарт-жетондармен толық қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар облыс бойынша 907 мемлекеттік мектептің барлығы дабыл түймелерімен қамтамасыз етілді. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру